Павлодар облысы

Тереңкөл ауданының әкімдігі

Басты Жаңалықтар БЛОК-ПОСТ ҚОЙЫЛДЫ
БЛОК-ПОСТ ҚОЙЫЛДЫ

Павлодар облысы аумағында 13 ші сәуірден бастап карантин режимі жарияланған болатын. Осы карантин шеңберінде адамдардың денсаулығын сақтау, олардың қозғалысын шектеу мақсатында аудан аумағының Омбы – Майқапшағай күре жолының біздің ауданның Павлодар ауданымен шектесетін жеріне және Павлодар - Михайловка республикалық маңызы бар жолдың Калиновка ауылдық округі аумағында карантиндік блок-постар қойылды.
Бұл жердегі блок-постардың мақсаты көлік қозғалысы мен адамдардың жүріп - тұруларын реттеу, сонымен қатар облыстың бас санитар дәрігерінің арнайы карантин режимін енгізуге байланысты Қаулысына сәйкес халықтың тыныс – тіршілігін қамтамасыз ету.
Бекеттерінің жұмысымен танысу мақсатында кеше Павлодар - Тереңкөл автожолының бойында орналасқан бекетке барған едік. Мұнда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, атап айтқанда кезекші бөлімнің бастығы, полиция майоры Қуаныш Аятов пен полиция бөлімінің аға МАИ қызметкері, полиция майоры Рашид Жұмажанов кезекшілік атқарып тұр екен. Сонымен қоса тағы бір қызметкер бақылау бекетінен өткен автокөліктерді, олардың рұхсат қағаздарын арнайы журналға тіркеп алып отыр.
Кезекші бөлім бастығының айтуынша осы құрам бір күн бойы кезекшілік атқарады екен. Осы уақытқа дейін ерекше құқық бұзған немесе тәртіпке бағынбаған тұлғалар болмапты. Халық түсіністікпен қарап жатыр. Бір тәуліктің ішінде 300 дей көлік ары – бері өтіп жатыр екен.
-Қазір көктімгі дала жұмыстарының қаурыт шақтары. Негізінен аудандарға азық - түлік тасыған, сонымен қоса еліміздің аумағынан транзиттік бағытта өтіп жатқан көлік ағындары көп.
Егер қандай да бір рұхсат қағаздары жоқ көлік иелері болса оларды кері ауылдарына қайтарып жатырмыз. Ондай жағдайлар болып тұрады. Тұрғындар дұрыс ақпарат алмаған немесе мүлдем карантиндік режимнің енгізілгені туралы естіп білмеген аудан тұрғындары кездеседі. Оларға тәртіптің қатаң екендігін айтып, түсіндіреміз, - дейді кезекшілікте тұрған Қуаныш Аятов.
Аудан тұрғындары да өз кезегінде тәртіпке бағынып, тек қана өте қажет жағдай туындағанда ғана көлікпен басқа жаққа шыққандары жөн.